Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық жобаға айналуы керек – Жақсыбеков
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық жобаға айналуы керек. Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын iске асыру жөнiндегi ұлттық комиссияның үшiншi отырысында ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң басшысы - Ұлттық комиссия төрағасы Әдiлбек Жақсыбеков айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Соңғы төрт айда Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмысқа белсенді қатысып жатыр. Сондай-ақ, облыстарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшы топтар құрылды. Орталық жобалық кеңсенің жұмысымен жаңа танысып шықтық. Өздеріңіз көрдіңіздер, көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссияның арнайы топтары жұмысының алғашқы нәтижелері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық», - дейдi Жақсыбеков.
Әдiлбек Жақсыбеков жаңа әліпбидiң жобасы жасалғанын да айтты. Ол киелі жерлердің географиясы бойынша 600 нысан белгіленді дейдi. Олардың 22-сінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталған. «Туған жер» бағдарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәдениет бағытында ең үздік шығармалар таңдап алынды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалды және олар аударыла бастады. Бұл осы жұмыстың басы ғана. Барлық бағыттар бойынша жоспарлы мақсаттар бар. Оны қоғам қолдап отыр. Келешекте үлкен жұмыстар атқарылады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық жобаға айналуы керек», - деп түйiндедi Жақсыбеков.
Анықтама:
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударатын жұмыс тобы құрылды. Олардың құрамына ЖОО-ның ғалымдары, Ғылыми-зерттеу институты, қоғам қайраткерлері мен жетекші саясаттанушылар кірді.
Жоспар бойынша тұжырымдама мен оқулықтарды таңдау үшін әдістемелік ұсыныстар құрастырылды. Іріктеудің бірнеше критерийі анықталды.
Бірінші. Оқулықтар гуманитарлық бағыт бойынша болуы керек. Яғни, тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, филология, педагогика, түркітану тақырыптарын қосқанда.
Екінші. Оқулықтар әлемнің ең үздік 100 ЖОО-да пайдаланылып, танымал баспа (мысалы, Cengage Learning) базасында қамтылуы керек.
Үшінші. Оқулықтар міндетті түрде бірнеше рет баспадан қайта басып шығарылуы керек.
Қазір алғашқы 17 оқулық аудармаға таңдап алынды. Екі оқулықтың аудармасы аяқталды. Қалған аудармалардың 80%-ы орындалды.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау
Жаңалықтар тізіміне көшу
Пікірлер