Меню KDT

БЛОГ РУКОВОДИТЕЛЯ

введите текст

ОБРАЗОВАННАЯ СТРАНА

bilim land

block2_eop.png?_=1495530586
<

 ВЫБОР 

введите текст

Жырлайды жүрек

                                           Жырлайды жүрек

                             (Мұқағали Мақатаевтың еске алу кеші)

Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаевтың өмір туралы слайд баяндалады.

1-жүргізуші:  иә, міне Мұқағали бұл фәниден өткеніне 41 жыл болған екен. Небәрі 45 жасында өкінішке өкініш үстемелеп кетті. Әлі де талай тамаша жырларымен жанымызды жадыратып жүрер еді-ау шіркін.

Туған жерін құс төсекке балаған,

Жан тәнімен адал сүйген,

Жыр жазса, халқына бағыштаған,

Әр талын, әр тасын жырына қосқан есіл ер еді,

Өзі айтқандай поэзиямен егіз еді.

 2-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.

1-жүргізуші: Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол-бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан толы алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.

2-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші: Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Мен сені, сезесің бе, неге іздедім,

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,- деп өзі жырлаған Тәңіртаудың биік шоқтығындай болған Мұқағали аға! Жатқан жерінен, туған топырағынан тұрып бір сәт болса да орал, арамызда бол!

Сахнада Мұқағали кейпіндегі оқушы шығады. «Арыз жазып кетейін» өлеңі оқылады.

2-жүргізуші: Иә, ақын мұңы бізге жетті. Оның тілегін орындау – біздің парызымыз.Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан дерек тыңдап көрейік.

Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы баяндалады.

1-жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезді ме?

2-жүргізуші: Туған жерге, елге, халқына, Отанына, ана тіліне деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеді.

1-жүргізуші: Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай, кезекті ақын өлеңдеріне берейік.

/Ақын өлеңдерінен құралған әдеби монтаж /

 «Отан туралы», «Қазақ жері», «Пай,пай өмір», «Елім барда», «Үш бақытым»

2-жүргізуші: Нұрғиса Тілендиев ақынның ауылы Қарасазға Мұқағалимен бірге демалуға барады. Екеуі жайлау төрінде отырады. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шырқамасқа. Нағыз Саржайлау дегеніміз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе?-деп таңқалған. Содан ағамыз лезде «Саржайлауға» арнап, егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып өлең жазды. Сөйтіп «Саржайлау» әні өмірге келді.

Ән: «Саржайлау»

1-жүргізуші: Кір жуып, кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы ерекше болатын.Қарасазға деген ақын махаббаттын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді.

«Қарасаз» өлеңі оқылады

2-жүргізуші: Мұқағали –адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жастық пен келісімнің жыршысы. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген.

 «Махаббат диалогы», «Ғашықпын»

1-жүргізуші: Ақын  халықты төзімділікке,шыдамдылыққа жетелеп , «Шыда» өлеңін арнады.

«Шыда» өлеңі

 

2-жүргізуші.Ән сал жаным,

Әніңмен тербет мені.

Бір сәтке

Тынсын тірлік жер-көктегі — деп ақын жырлағандай кезекті әнге берейік.

Ән: «Сен көріктісің»

1-жүргізуші: Ақын шығармаларының үлкен бір саласы- оның поэмалары. Ең асылы, ең биігі- «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағында жарияланды.Енді поэмаға кезек берейік.

 «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрсетеді

 «Аққулар, қош болыңдар» өлеңі оқылады.

2-жүргізуші: Ана- өмір сыйлаушы, бала бағбаны. Ару-асыл жырлау, ер-азамат тағдырының иегерлері, тәрбиесіші. Ал, бала ата-анасының өмірінің жалғасы. Оларға деген махаббат «Сүйіспеншілік сезімі-жырдың алтын арқауы»

«Сәби болғым келеді», «Әйелдер-ай» , «Бір адам өлсе» ,

 «Жұлдыздар сөніп барады»

1-жүргізуші: Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатыр. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді.

2-жүргізуші: Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Кейде өмірден безініп, ол да өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез- келген адам ақын жанын түсіне бермейді. Сондай уақытта Мұқағали Фаризаны тапты. Ақын ағамыз қазақтың ақын қызына арнап өлең шығады.

«Фаризаға» өлеңі оқылады.

1-жүргізуші: Ән салып бер,

Әніңмен жан сал маған,

Жаңғырығып жасыл тау жөнесін бір,

Жатсын ұлып жапанда дел-сал далам.

Ән: «Есіңе мені алғайсың»

«Анау – аспан, мынау – бақ»

2-жүргізуші:Өлең барда шырқатып мен жазамын,

Мен қызымын мына кең бай даламның

Мұқағали секілді бәйтеректі

Алып кеткен ажалға таң қаламын.

Мұқағали Мақатаевқа арнау: «Поэзия патшасы»

1-жүргізуші: Өміріміздің асыл қазынамыз ортамыздан қатары сиреп бара жатқан қариялар. Ақын әкесінің құрдастарына да көп жыр арнаған.

«Мен қарттарды сүйемін»

2-жүргізуші: Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?

Әр әні толы ғой армандарға

Шерте білген мұңдарын жас қайынға

Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма?

 « Көктемде келер »

1-жүргізуші: Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңдар деп ойлаймыз.

2-жүргізуші: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары-сендерсіңдер!

1-жүргізуші: «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!

 Ән «Күрең күз»

2-жүргізуші: Сонымен, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды.

1-жүргізуші: Келесі көріскенше амандықта болайық.


Посмотреть новость на сайте учреждения

Вернуться к списку новостей

Комментарии


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь